Өзгерістер торабындағы ер адамдар: дәстүр мен заманауилық арасындағы теңгерім

Өзгерістер торабындағы ер адамдар: дәстүр мен заманауилық арасындағы теңгерім

Бүгінгі таңда қоғамның дамуымен бірге әлеуметтік рөлдер де қайта қаралып, өзгеріске ұшырап келеді. Соңғы жылдары әйелдер мен балалар құқықтары, олардың қоғамдағы орны мен тең мүмкіндіктері жиі көтерілуде. Дегенмен, дәл осы өзгеріс торабында ер адамдардың рөліне қатысты сауалдар туындап отыр: қазіргі ер адам кім болуы керек? Қайсысы дұрыс – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр ме, әлде жаңа заман талаптары ма? Осы тұста алғырлық танытқандар да, адасқандар да жетерлік…

Дәстүр мен стереотип: қысым ба, құндылық па? – дегенге келер болсақ, қазақ қоғамындағы ер адамның орны әрқашан маңызды саналды. Ол – отбасының тірегі, ұрпақ жалғастырушы, қорғаушы. Алайда, осы рөлдермен қатар ер адамға қатысты бірқатар көзқарастар қалыптасты: «нағыз ер жыламайды», «мықты болу керек», «отбасыны асырау – ердің міндеті» деген сынды. Қазір бұл сөздер біреулерге шырпы болса, біреулердің қыжылын арттырып жүр.

Психология ғылымдарының магистрі Айдана Мырзақожаева бұл жағдайдың қазіргі ерлер психологиясына әсері жайлы былай дейді:

«Ер адамдар эмоционалдық әлсіздік танытудан қорқады. Оларға бала кезден бері жыламау, сезімін жасырын ұстау үйретіледі. Бұл өз кезегінде ішкі күйзеліс пен жалғыздық сезіміне алып келуі мүмкін. Өкінішке қарай, елімізде ерлер арасындағы суицид көрсеткіші әйелдерге қарағанда бірнеше есе жоғары».  

Бұл статистиканы ДДСҰ-ның мәліметтері де растайды: Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсау деректері ер адамдар арасында айтарлықтай басым. Сарапшылар мұны эмоционалдық сауаттылықтың жеткіліксіздігімен байланыстырады. Осы сәтте инфографикаға жүгінсек Қазақстандағы ер адамдардың суицид көрсеткіші былай дейді: Қазақстанда ер адамдар әйелдерге қарағанда 4-5 есе көп суицид жасайды. 2021 жылы суицид жасағандардың 76%-ы 18-75 жас аралығындағы ер адамдар болған. Суицидтің негізгі себептері: жалғыздық (27%), қаржылық қиындықтар (28%).​

Бұл – жай ғана статистика емес, эмоциясын білдіре алмаған, көмек сұрауға ұялатын мыңдаған адамның үнсіз трагедиясы.

Тағы бір қырынан , мәселен, жаңа буын – жаңа көзқарасқа келді десек ше… Яғни, бүгінгі қоғамдағы ер адам бейнесі жаңарып келеді. Бұрын тек «асыраушы» міндетімен шектелген рөл енді «тәрбиеші», «серіктес», «сезімін ашық білдіретін тұлға» сынды бағыттармен толықты. Бұл үрдіс әсіресе қалалық ортада байқалады.

28 жастағы ұстаз әрі жас әке Нұрсұлтан Р. отбасындағы жауапкершілікті жұбайымен тең бөлісетінін айтады:

«Мен баламды балабақшаға апарамын, үй шаруасына да көмектесемін. Бұны әлсіздікемес, жауапкершілік деп санаймын. Отбасы – екі жақтың да еңбегімен көркейеді».

Әлеуметтік зерттеулер де бұл пікірді қуаттайды. PaperLab зерттеу орталығының 2023 жылғы сауалнамасына сәйкес, қалалық ер азаматтардың 65%-ы бала тәрбиесі мен үйшаруасына белсенді араласатынын көрсеткен. Бұған ешкім теріс пікір (комментарий) айтпайды. Себебі, дәл бұндай жағдаймен  отбасының тұрақтылығын сақтауға көп пайдасын бергені сауалнама қорытындысында байқалған.

Дегенмен, қоғамның екі ұшты көзқарасы болатыны баршаға мәлім. Бұл өзгерістерге қоғамның барлық бөлігі дайын емес. Яғни, қалған 35%-ының бірі – ерлердің эмоционалды ашықтығын, отбасындағы тең рөлін қолдаса, екінші тарап бұны «дәстүрге қарсы әрекет» деп қабылдайды.

 

Жасөспірімдер арасында да осы қарама-қайшылық айқын байқалады. 16 жастағы мектеп оқушысы Айдардың сөзіне қарағанда:

«Мектепте «жылама», «жігіт боп тұр» деп жиі айтады. Бірақ мен достарыма ашық сөйлескім келеді. Әкеммен де жақын болғым келеді. Бірақ бұл ұят сияқты қабылданады…»

Бұл – бір ғана баланың пікірі емес, мыңдаған бозбаланың ішкі күресі. Ескі түсінік пен жаңа ұмтылыстың арпалысы. Теңгерім – басты кілт-деп санайтын болсақ, ер адамдар қоғамда өз болмысын қайта қарауға мәжбүр. Бұл – дағдарыс емес, мүмкіндіктер кезеңі. Дәстүр мен заманауилықтың арасынан тепе-теңдік табу – бүгінгі ер адамның негізгі талпынысы.

Психологиялық көмекке жүгіну, эмоционалдық сауаттылықты дамыту, отбасы ішіндегі тең қарым-қатынас – мұның бәрі жаңа заманның сауатты ер азаматына қажетті дағдылар.

Қазақи болмыс – тек сыртқы көрініс емес, ішкі ұстам мен парасаттың үйлесімі. Ал парасаттылық – таңдау жасау еркіндігін мойындай білу. Ер адам – қоғамның айнасы. Сол айнада әркім өз шынайы бейнесін көруі тиіс.

Тепе-теңдік – басты бағыт. Сол үшін қоғамдық пікір мен заманауи талаптар арасында ер азаматқа таңдау емес, теңгерім қажет. Дәстүр мен заманауилық бір-біріне қарсы емес, бір-бірін толықтыруы тиіс. Ер азаматтың батылдығы – эмоцияны басу емес, керісінше, оны сауатты жеткізуінде. Оның жауапкершілігі – тек материалдық қамтамасыз етуде емес, балаларына үлгі болуында, тұлғалық дамуға уақыт бөлуінде.

Осы орайда, білім беру саласына психологиялық сауаттылықты енгізу, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ер адамдардың әртүрлі үлгілерін көрсету, гендерлік қатынас тақырыптарын ашық талқылау маңызды деп ойлаймын.

Мәселе ер адамдардың қандай болуы керектігі емес. Мәселе – олардың өз болмысын еркін қалыптастырып, қоғам тарапынан түсіністікпен қабылдануында. Қазіргі ер адам – өтпелі кезеңнің басты кейіпкері. Ол – болмысы мен болашағының ортасында тұр. Ескі мен жаңаның арасында арпалыс емес, үйлесім табуға ұмтылуы тиіс. Дәстүр – өткеннің ізі, заманауилық – келешектің беті. Ал осы екеуін үйлестіре білген ер адам – нағыз заманауи тұлға.

Авторы: Аида Мухаметжанова