Сериалдар көрермендерінің буыны
Қазіргі уақытта сериал қарамайтын адамнан көрі, ет жемейтін адамды табу оңайрақ. Тіпті, 1990-шы жылдары туған буынды сериалдар буыны деп атасақ қателеспейміз. Неге олай болды және қалай осы күйге жетіппіз? Осы сұрақтарға жауапты осы мәтінде іздеп көрейік.
Сұрақтың жауабын тарихта іздеудің қажеті жоқ секілді. Алғашқы сериалдар өткен ғасырдың 30-шы жылдары шықты, және олар үнемі қоғамның сұранысына тәуелді болды. Сериалдардың қазіргі күйінің себебі де сол қоғамның ойы мен әдеттерінің ауысқанында. Нақтырақ айтсақ, ата-аналарымыздың орнын басып, төлем қабілеттігі бар буынға айналғанымызда.
Кішкентай кезімізде үйдің үлкендері көретін сериалдарды еске алайықшы. Ата-әжелеріміздің бразилиялық “сабын опералары” болсын, ата-анамыздың көретін АҚШ сериалдары болсын, тіпті көрші елден келген полицейлер туралы сериалдар — барлығы жай ғана бірнеше адамның қарапайым өмірін көрсететін. Ол сериалдарда қазіргідей терең кейіпкерлер жоқ еді. Кез-келгенін қазіргі кейіпкерлермен салыстырғанда олар сопақтау болатын. Кешке, жұмыстан кейін басқа біреулердің өміріне назар аударғысы келген буындарға сол да жеткілікті болды. Өйткені ойдан құрастырылған адамның қиыншылықтарына бас қатырғылары да келмеген.
Бірақ бір кезде біз есейдік. Аталарымыз білімсіз боламыз деп, әкелерімізге мықты білім берді. Әкелеріміз жұмыссыз қалуға қорқып, бізді “маман бол” деп тәрбиеледі. Біз тым ерте жұмыс істей бастаған буынбыз. Оған қоса кеңсе мәдениетіне батып кеттік. Жұмыстан кеш келіп, шындықтан қашқың келгенін сезген буын өзіне сериал іздей бастады. Біріншіден, басқа бір әлемге назарыңды аударғың келеді, екіншіден, ностальгия деген сезіммен таныстық, үлкен қалаға көшкендеріміз, үйді сағынып, “кезінде үлкендермен сериал көретін едік қой” деген оймен көрерменге айналғандар бар. Оған қоса, жұмысқа жаңа шыққан адамсың, жаңа ұжымға үйренісудің де бірден-бір амалы сериалдар.
Әлеуметтік желілер дамып, ғаламтор қолжетімді болғанда талқылау мәдениеті өрбей бастады. Жұмыста, достармен көріскенде, жаңа адаммен танысқанда басты ортақ тақырыптардың бірі “мына сериалды көргенсің бе?!” болды.
Бір сөзбен айтқанда, сериалдар бізді тосып тұрды. Контентін қашан және қанша көретінін таңдай алатын тұңғыш буын келе жатқанын құ маркетологтар сезгендей. Жобаларға үлкен назар аударды. Кейіпкерлерін де бізге ұқсатқаны бар. Доктор Хаус, Хайзенберг, Кэл Лайтман — барлығы өз істерінің керемет мамандары. “Бізді ата-аналарымыз осындай маман ретінде көрген шығар” — деген ой туындады (мүмкін Жалған атақ синдромы да сол жерде туған шығар, кім біледі?). “Қара айна” сериалында көрермен тіпті сюжеттің немен бітетінін таңдай алатын мүмкіндікке ие болды.
Біздің басты әдетімізге айналудың келесі қадамын Нетфликс жасады. 2014 жылдан бері олар өз туындыларын ұсынатын болды. Ол жобалардың ерекшелігі — үлкен қаражат пен үлкен кинодан аумайтын сапада. Уау-әсері бар жобалар бізді одан бетер сериалдарға отырғызып тастады. Оның үстіне, пандемия басталып кетті де, стриминг-платформалар ғұмыры басталды. Бұл жайт сериалдардың ағасына да әсер еткені сөзсіз.
2024 жылдың ең аты шулы фильмдер тізімін еске салып көріңдерші. “Дюна” мен “Ойжұмбақтың” екінші бөлімдері, Дэдпулдың үшінші бөлімі, “Жексұрын меннің” төртінші бөлімі. Бізді кинотеатрларға тартатыны да сериал тәрізді фильмдер. Франшизалар — сериалдарға деген Голливудтың жауабы. Тіпті, танымал “Гарри Поттер”, “Жұлдыздар соғысы”, “Сақина әміршісі” әлемдері де сериалдармен кеңеюде. Бұрын Джордж Клуни сериалдан шығып үлкен кино жұлдызына айнала алған бірден-бір актер болатын. Қазір кино жұлдыздары өздеріне сериалдардан рөл іздейтін болған. Біріншіден, сериал — тұрақтылық көзі, екіншіден, аудиторияң өседі.
Еліміздің сериалдары да әлемнен қалғысы келмейді. Вэб-сериалдар деген сән оныншы жылдардың соңында ғана келгенімен, шетелдік тәжірибеге қарап тез дамуда. Бұрын сериалдарымыз Youtube желісінде шықса, қазір біртіндеп стриминг-платформаларымыз ашылып жатыр. Білуімше келесі жылы бірден екі үлкен компания өзінің стримингтарын ашайын деп жатыр. Қазіргі уақытта сериалдарын жасап жатыр. Бір сөзбен, сериал қарау әдетінен жақын уақытта арылмайтын сияқтымыз.
Келесі буын қысқа әрі динамикасы жоғары сериалдар қарайтын шығар. Тұңғыш тикток-сериалдар біртіндеп шыға бастады. Оған қоса, VR-технологиясы дамып, сериалдарға көрермен қатыса алатын күнге де жетуге болады. Жасанды интеллект те бұл өнер формасын өзгерте алатын секілді. Бірақ, ол тарихымыздың келесі бөлімінде болады.
Автор: Мират Миятов