Теңселу ме? Тепе-теңдік пе? Әлде МЕТАМОДЕРН ба?

Теңселу ме? Тепе-теңдік пе? Әлде МЕТАМОДЕРН ба?

Өмірде ақша үстемдік құрып, өнерде абсурд жеңіп шыққан қазіргі заманда біз ақ пен қараны, шындық пен елесті, ирония мен шынайылықты ажырата алмай қалдық. Таңдау көп болса да, таңдай алмау бүгінде біздің басты мәселемізге айналды. Біз енді шешім қабылдап емес, сенімсіздік әлемінде тіршілік етіп жатқандаймыз. Бұл — жай ғана әлеуметтік дағдарыс емес. Бұл — жаңа мәдени кезеңнің белгілері. Бұл — метамодерн дәуірінің басталуы…

Байқағандарыңыздай, бүгінгі әңгіме Метамодерн төңірегінде болмақ. Бұл ұғым қоғамда әлі толық орнығып, ғылыми тұжырымдалып үлгермесе де,  басымыздан өтіпжатқан қазіргі дәуірдің алғышартына айналуда. Бұл  постмодерннен кейінгі мәдени-эстетикалық ауысымды сипаттайтын дүниетанымдық парадигма. Оның негізгі идеясы  сенім мен күмәннің, шынайылық пен иронияның, ақыл мен сезімнің арасында үздіксіз тербеліс күйінде өмір сүру.

Дайын емес оқырманды терең философиялық дискуссияға тартпас бұрын, алдымен мәдени дәуірлердің Модерн, Постмодерн және Метамодерннің  аражігін ажыратып алған жөн.

  • Модерн дегеніміз бұл прогреске сеніммен қарау. Ақыл мен логиканың үстемдігін мойындап, абсолютті ақиқатқа деген ұмтылыс жасау. Ол: «Ақиқат бар және біз оған жете аламыз», —деген ұстанымды алға тартады.
  • Постмодерн өз кезегінде — күмән, ирония, тұрақты шындықтың болмысына сенбеуден шығады. Ол: «Ақиқат жоқ. Тек мәтіндер мен интерпретациялар бар», –деген идеяны ұстанады. 
  • Метамодерн болса — осы екеуінің арасында тербеліп тұратын күй. Ол модерннің идеализмін қабылдай отырып, постмодерннің скепсисін де теріске шығармайды. «Ақиқатқа сенгім келеді. Оның мүмкін еместігін түсінем. Бірақ бәрібір әрекет етем», — дейді ол.

Метамодерннің басты ерекшелігі тербеліс (oscillation). Бұл бір ұстанымнан екіншісіне секіріп өтіп кету емес, екеуінің арасында тұрып, тепе-теңдік іздеу. Бұл синтез де, компромисс те емес. Бұл  жүйелі түрде қайшылықта болуға көну, соны өмір сүру тәсіліне айналдыру. Сондықтан да бүгінгі өнердегі ізденістерге бағыт беретін жаңа ұстаным  прагматикалық идеализм болуы тиіс. Метамодерн бізді идеализмге қайта жетелейді, бірақ ол бұрынғыдай ақиқаттың абсолютіне табынуды емес, сену қажеттігінен туындайтын парадоксты ұсынады.

Егер метамодернге біртабан жақындағыңыз келсе, америкалық режиссерлер Даниэлдердің (The Daniels) «Бәрі. Түгел. Бір мезетте» («Everything Everywhere All at Once») фильмін көріңіз. Бұл кино мағына жоғалған заманда тепе-теңдік іздеген адамның трагикомедиясы. Фильмде абсурд, мелодрама, экзистенциализм, махаббат, комедия  бәрі бір кеңістікте, бір мезетте тоғысады. Бірде күлдіреді, келесі кадрда жылатады, артынша терең философиялық күйге батырады. Фильмнің ішкі құрылымы – нағыз тепе-теңдікке әкелетін жаттығуы сияқты. Себебі кинолентада сенім мен ирония, трагедия мен гротеск, фантазия мен сезімтал шындықтың арасындағы нәзік баланс тұрады.

Фильм Сюжеті бойынша басты кейіпкер Эвелин – өмірден қажыған, салықтан қашып, отбасы мен бизнес арасында жанталасып жүрген қытайлық эмигрант әйел. Оның өмірі қирауда. Жолдасы ажырасу туралы құжат ұсынбақ, қызы оны түсінбейді, ал қарт әкесі Эвелиннің таңдауына, өмір салтына, отбасылық жағдайына көңілі толмай, үнемі сынап қарайды. Алайда, бір күні кенеттен оның өмірінде басқа бір ғаламнан келген тағы бір «күйеуі» пайда болады. Ол Эвелинге: «Сен — мультиғаламды құтқаруға тиіс жалғыз адамсың», — дейді. Осы сәттен бастап Эвелин мыңдаған параллель өмірдің есігін ашабастайды. Ол – киноактриса да, аспаз да болады, тіпті самурайға да айналады. Алайда мүмкіндіктер көбейген сайын «Бәрінің мағынасы неде? Неліктен дәл осы өмірді таңдауым керек?», — деген секілді сұрақтар көбейіп, бәрі күрделене түседі.

Бұл неге метамодерн? — деуіңіз мүмкін.

Ендеше алдымен фильмнің абсурдтық эстетикасынан бастайық. Кейіпкерлердің қолы сосискаға айналатын әлем, тастың кейпінде үнсіз отырып субтитрмен сөйлесу, немесе бәрін жалмап тұрған бублик пішіндес ғалам – бәрі де алғаш көргенде ақылға қонбайтын көріністер. Бірақ бұл — жай ғана әзіл немесе пародия емес. Бұл — мән-мағынаны айтудың метафорасы. Бұл трюкке постмодерн күліп:«Мағына жоқ, сондықтан күлеміз», — дейтін еді. Ал метамодерн болса:«Мағына анық емес, бірақ сонда да іздейміз.», — дейді. Яғни күлкі мұнда қорғаныс емес, жол іздеудің формасы.

Тағы бір факт: кинодағы көп мүмкіндік адамға көп күйзеліс тудырады. Фильм кейіпкері мультиғалам арқылы шексіз өмір нұсқаларын көреді. Бірақ бұл еркіндік оған бақыт емес, психологиялық ауыртпалық әкеледі. Әр нұсқада кейіпкер өз «менін» табады, бірақ қайсысы нағыз «мен» екенін өзі де білмейді. Бұл  метамодерннің басты күйі: барлығын істей аламыз, бірақ өзімізді таба алмаймыз.

Үшіншіден мұндағы негізгі антагонист – бостық пенмағынысыздықтың өзі. Эвелиннің қызы Джой анасына:«Бәрі бекер. Барлығы – тек шу мен хаос», — дейді. Бірақ анасы оған: «Иә, бәрі мүмкін. Бірақ мен сенімен дәл осы жерде болғанды қалаймын», — жауап береді. Бұл диалог — метамодерннің рухындағы келелі әңгіме.

Демек, метамодернде, сенімсіздік болған дұрыс, бірақ соған қарамастан сену керек. Мағына анық емес, бірақ оны талмай іздеу керек. Бәрі бекер болуы мүмкін, бірақ біреуге деген қамқорлығың бәрінен де биік болу тиіс. Осындай парадокстарға сүйене отырып жасалған өнер ғана бүгінгі көрерменнің ішкі дірілін оята алады. Бұл тепе-теңдік поэтикасы. Бұл  метамодерн.

Автор: Сырғабаев Санжар