
Жауынгерден философқа дейін, алапат күштен осалдылыққа дейін
Өнердегі ер адамның бейнесі – антикалық қаһармандардан бастап заманауи инсталляцияларға дейін – қалай өзгерді? Ерді тек күш айрықшалай ма, әлде оған нәзіктік пен осалдық та тән бе? Бұл мақалада біз осы сұрақтарға жауап іздеп, ғасырлар мен өркениеттердің арасымен саяхаттап, өнердегі ерліктің құпия кодын табуға тырысамыз. Сонымен қатар, ер адамның жаңа болмысын қазақстандық және әлемдік суретшілерқалай ашып жатқанын зерделейміз.
Есте жоқ ескі заманнан бері бейнелеу өнердегі ер адамның бейнесі жай ғана дәуірдің айнасы емес, жұмбақ әлем, керек десеңіз, құпия код іспеттес. Суретшілер бұл құпияны ерлердің дене сымбаттылығында, көзқарас тереңдігінде, қолданған заттары мен жарық пен көлеңкенің астарында шебер жасырды. Суретшілердің бұл шифрын, яғни Қола мүсіндердің бұлшық еттерінің ар жағында қарапайым күштен әлдеқайда үлкен нәрсе жатқанын қырағы көрермен байқап та жататын.
Шындап қарағанда, өнер қашан да: «дәл қазір, осы сәтте ер адам болу дегеніміз не?», – деген сұрақтың жауабын іздеп келеді. Ендеше, дәуірлерге көз жүгіртейік…
Күштің идеалы: антикалық мәрмәр мен болат
Антикалық дәуірге көз салсақ, ежелгі грек фрескалары мен мәрмәр мүсіндеріндегіер адамның бейнесі – дене мен рухтың мінсіз тепе-теңдігін бейнелейді. Мүсінқаһармандары мінсіз пропорциямен және сабырлы келбетімен тек дене күшін емес, сонымен бірге эмоцияны тізгіндей білудің үлгісін паш еткен. Бұл жерде ер-азаматтық –тәртіп пен жарасымдылықтың, тіпті математикалық формулаға айналған үйлесімділіктіңбейнесі еді.
Алайда, антикалық құдайларды еске алсақ, бұл бейнелерден қос қырлылықты анық көреміз. Мысалы, Зевс – найзағай мен бұлттың әміршісі болғанымен, мүсіншілер оны көбіне тыншыған, сабырлы күйде бейнелеген. Осы арқылы суретші көрерменге: «Нағыз қаһарлы күш – соққы жасауда емес, соққыны ірке білуде», – дегенді меңзейді. Яғни бұл: «Күш дегеніміз – оның сыртқы көрінісінде емес, оны иеленіп, меңгеруде жатыр», – деген өнердің үнсіз үндеуі.
Орта ғасыр: рыцарьдан азап шегушіге дейін
Орта ғасырлар келгенде, ерліктің жаңа кодтары пайда болды. Иконалар мен витраждардағы ер адам енді жаулап алушы емес, сенім үшін азап шеккен құдайдың құлы бейнесінде көрінеді. Дін үстемдігінің әсерінен сауыт-сайманның орнын сопылық жолын ұстанған әулиелердің аскет келбеті алмастырды. Бұл дәуірде ұлылық семсердің өткірлігімен емес, рухтың беріктігімен өлшенетін болды.
Рыцарь бейнесіндегі ерлік ар-намыстың, елге қызмет етудің белгісіне айналды. Ер адам енді жай ғана батыр емес, ол – адалдық пен қанағатшылдықтың, өзін құрбан ете білудің символына айналды. Алайда, бұл ерліктің тасасына да суретшілер ер бейнесіндегі қос қырлылықты жасыра алды. Яғни, ауыр сауыттың астында адам тәнінің әлсіздігі тасаланса, батырлықтың сыртында – оның мәңгілік алдындағы үрейі, өлім алдындағы дәрменсіздігі сезілді.
Қайта өрлеу дәуірі: адам – әлемнің өлшемі
Қайта өрлеу дәуірі адам баласын қайтадан ғаламның қақ төріне шығарды.
Бұл кезеңде ер адам тек сенімнің немесе күштің иесі ғана емес, өзінің тағдырын өзі жасайтын жаратушы бейнесіне көтерілді. Леонардо да Винчи айтқандай: «Адам — барлық нәрсенің өлшемі», — деген сөз сол дәуір өнеріндегі басты ұстанымға айналды.
Ренессанс шеберлері ер адамның бейнесі арқылы адамзаттың ұлы кемеңгерлігін, табиғаттың сұлулығын, ғаламның құпиясын, тіпті өзін-өзі танып-білуге деген мәңгілік ұмтылысты бейнеледі. Олар тек салтанатты жеңістерді ғана емес, адамның жан дүниесіндегі алапат бұлқыныстарды, нәпсі мен ар арасындағы арпалысты, пенденің күмәні мен рухани азаптарын да бейнелеуді ұмытқан жоқ.
Бұл дәуірде ер адамның бейнесі – тек қаһарман ғана емес, өз болмысы мен әлемнің тылсым сырын терең ұғынуға талпынған данагөй, ойшыл бейнесіне айналды. Да Винчи өзінің атақты «Витрувиандық адамында» ер адам денесін кемел үйлесімділіктің символы ретінде бейнелеп, оны ғарыштық гармонияның үлгісі етіп көрсетті. Бұл образда ер адам –тек табиғаттың ғана емес, күллі әлемнің сұлулығы мен тепе-теңдігінің көрінісі болды.
Шығыс: жолдың философы ретінде
Еуропа ғасырлар бойы ер адамды батыр, сері, билік иесі ретінде дәріптесе, Шығыс мүлде басқа бейнені, яғни дана—ойшыл, өмір жолын іздеген жолаушы, әлемге терең үңілуші бейнесін ұсынды.
Мұнда ер-азаматтық сауыттың ауырлығымен емес, көзқарастың тереңдігімен өлшенді. Қытай мен Жапон кескіндемесінде ер адам бейнесі кейде тіпті мөлдір, пейзаждың бір бөлшегі секілді көрінеді. Каллиграфиялық нәзік сызықтарда оның сұлбасы табиғаттан биік тұрмайды, керісінше, табиғатпен тұтастыққа ұмтылады.
Жапон дәстүрінде самурай ерлік пен рухтың үйлесімін паш етеді.
«Бусидо» қағидасында сыртқы жеңістен гөрі ішкі кемелденуге көбірек мән беріледі.
Қытай суреттерінде дана адам таудың етегіндегі кішкене ғана бейне болып кескінделеді. Бұл арқылы суретші ер адамның ұлылығы – өзінің ғалам алдындағы кішілігін ұғына білуінде деген ой қалдырады.
Шығыс ер адамды Әлемге қарсы қоймайды – оны ғаламның бір бөлшегі етуге шақырады, Дао ағысымен өмір сүруге, таулар мен өзендердің тынысын сезінуге үндейді.
ХХ ғасыр: мазасыздық пен деконструкция дәуірі
Индустриализация заманы, екі дүниежүзілік соғыс, тұлғалық дағдарыстар –осының барлығы ХХ ғасыр өнеріндегі ер адамның бейнесінен айқын көрініс тапты.
Бұл кезеңде ер адам – бұрынғыдай мінсіз тұлға емес, күмән мен дағдарыстың бейнесіне айналды. Оның жүзі алаңдаулы, ал денесі абстрактілі кенептерде бөлшектеніп, уақыттың ішкі күйзелісін бейнеледі.
Ер-азамат деген ұғым қатып қалған қағида емес екендігін дәуірдің өзі мойындағандай еді. Авангард пен модернизм ағымындағы суретшілер ер-азаматтықтың бұрынғы кодтарын талқандап, жаңа бейнелерді ұсынды. Пикассо өзінің өткір сызықтары мен кубистік портреттері арқылы ер адамды уақытының қиранды бөлшектерінен құрастырылғандай бейнеледі. Эгон Шиле өз автопортреттерінде ер адамды ашық күйде, жан жарасы мен уайымын жасырмай бейнелесе, Фрэнсис Бэкон өз туындыларында ер адамның ішкі күйзелісін, психологиялық күйреуін бүкпесіз көрсетті. Бұл суретшілер бұрынғы қағидаларды бұза отырып, ер адам бейнесін ішкі қайшылықтардың, күмән мен толғаныстың көрінісіне айналдырды.
ХХ ғасыр суретшілері шындықты бетпердесіз көрсетуге ұмтылды:
Олар арқылы біз ер-азамат бейнесінің дағдылы қағидалардан алшақтап, шынайы адами сезімдер мен ішкі қайшылықтар айнасында жаңа сипат алғанын көрдік.
Қазақстан: Уақыт пен даланың тоғысында
Қазақстандық суретшілердің ер адам бейнесін жазу жолы өзгеше: ол әлемдік өнер ағымдары арқылы ғана емес, сонымен қатар терең тамырлы дала философиясы арқылы өтеді. Қазақ өнеріндегі ер адамның бейнесін ата-баба дәстүрінен, мәдени кодтан бөліп қарастыру мүмкін емес
Қазақтың көне даналығында айтылғандай: «Аттың азбасы – бестісі, жігіттің азбасы – естісі». Бұл жерде сыртқы салтанат емес, ішкі парасат маңызды. Жарқыраған айбындылықтан гөрі, байыпты ақылға ие ер азамат құнды. Бұл – қарапайымдылықтағы күштің, сабырлы сенімнің философиясы. Қазақ мәдениетінде ер адам – тек күштің құдіретімен емес, рухани биіктігімен ұлттың сүйенішіне айналатын тұлға. Міне, осы философияны біздің суретшілер де бейнелеп келеді.
Бексейт Түлкиев өзінің «Бабалар мекені» атты туындысында ер адамның бейнесін ата-баба рухының салмағын арқалап тұрғандай етіп көрсетеді. Ер адам отыр, бірақ оның отырысында шаршау емес, терең ойдың тұңғиығына бату бар. Ол – көктегі күмбезді иығына арқалаған Атланттай. Бұл – аса символдық бейне: ол – тарихтың, жердің, ұрпақ жадын сақтаушы. Оның сабырлылығы – тыныштық емес, ішкі жинақылық пен рухани серпіннің нышаны. Бұл бейне – халық даналығындағы «Ер тарықпай, молықпайды» деген сөздің көркем көрінісі іспетті.
Ал Жұмақын Қайрамбаев керісінше, «Жолаушы» каринасында образды жұмсақ, тіпті романтикалық тұманға орайды. Оның картинасында ер адам мен жылқы біртұтас болып, бейне бір даланың сағымына сіңіп кеткендей әсер қалдырады. Бұл – ер азамат болмысының ішкі тұйықтығының көрінісі. Ер адам көп жағдайда әлеммен сөз арқылы емес, үнсіздігімен тілдеседі. Қимыл үстінде де ол ішкі тұтастығынан айнымайды, жан сырын жасырып ұстайды.
Кейде ер азамат дүниенің арпалысынан, қым-қуыт қарбалас тіршіліктің шартарап шуынан шаршап, қаптаған көңіл күйдің көлеңкесінен бір мезет тыныштық іздейді. Өзі ғана білетін ішкі бір терең үніне құлақ түріп, жалғыздықтың шымырқанған тыныштығында жан әлемімен сырласқысы келеді. Қайрамбаевтың бұл жұмысы дәл осы сәтті бейнелегендей. Суреттегі бейненің сырт көзге толқуы мен уайымы байқалмайды, бәрі ішке бүгіліп, тереңде сақталған. Бұл – ер адамның бойындағы ерекше қасиет: ол өз жанымен оңаша қалып, өмірдің ағысын тежеп, әлемнің шуы басылған сәтте өзімен іштей сұхбат құрады. Қайрамбаев осы сәтті дәл тауып, даладай кең, алайда ішкі иірімдері терең ер-азаматтың бейнесін нәзік жеткізеді.
Екі суретші де қазақ ер-азаматының көне кодын бейне бір қайта тірілткендей. Екі суретші үшін де ер адам – жай ғана қаһарман немесе ойшыл емес, ол – ұрпақ жадын сақтаушы, ұлттың ішкі өзегін қалыптастыратын рухани тірек. Олардың бейнелерінде жасырын күшке, үнсіздік арқылы көрінетін ер азаматтың абыройына деген терең құрмет бар. Бұл, сыртқа жарияланбайтын, бірақ өмірдің жүгі мен сынақтарын үнсіз қабылдауда көрінетін нағыз ерлік.
Бұл нағыз қазақ өнерінің ерекше поэтикасы. Ер адам өзін уақыттан жоғары қоймайды, керісінше, дана жолаушы секілді уақытпен қатар адымдайды,
оның ауыртпалығын иығымен көтере отырып, асқақтық пен ішкі еркіндігін жоғалтпайды.
Қазіргі заман: ізденістер жалғасы
Бүгінде өнердегі ер адамның бейнесі барған сайын күрделеніп келеді.
Қазіргі суретшілер ер адамның осалдығын, сезімталдығын, эмоцияға толы әлемін еркін бейнелейді. XXI ғасырдағы өнердегі ер адам – бұл ішкі әлемін зерттеуші де, құқық жолында күресуші де, ата-ана ретінде қамқоршы да, кең дүниедегі жалғыз саяхатшы да бола алады.
Стереотиптер құлады. Батырлық енді міндет емес, ол дайын қалыптағы образ емес.
Ер адамның нағыз күші – өз-өзіне және әлемге адал болуында. Қазіргі заманғы өнер, әсіресе перформанс пен цифрлық кескіндеме, ер-азаматтықтың жаңа қырларын ашады.
Бұл жерде бір ғана дұрыс жауап жоқ , бірақ «ер адам сыртқы жеңістен гөрі ішкі үйлесімділікті іздейді ма?», – деген ашық, шынайы сұхбат бар.
Ер-азаматтың бейнелеу өнеріндегі құпиясы әлі де ашылмаған сан қатпарлы сырдай, жаңа толғаулар мен тың тағдырға ұласары анық. Бұл бейнеге әр дәуір өз мөрін басып, өз сөзін айтып үлгерері сөзсіз. Осылайша, көне кенептерден бастап, болашақтың цифрлы галереяларына дейінгі ер адам бейнесі – уақыттың ғана емес, өз жүрегіміздің де терең сырын ашатын ғажайып айнасы екенін нық сеніммен айтуға болады.
Авторы: Санжар Сырғабаев